Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығына 1-қосымша |
1. Осы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-1) тармақшасына, 56-бабына сәйкес әзірленді және мыналарды:
1) тәрбие мен оқыту нәтижелеріне бағдарланған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына;
2) тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне;
3) тәрбие мен оқыту мерзіміне қойылатын талаптарды анықтайды.
2. Стандарт:
1) білім беру бағдарламаларының вариативтілігін қамтамасыз ету мақсатында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік және вариативтік оқу жоспарларын әзірлеу;
2) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік және білім беру (вариативтік, жеке, бейімделген, қосымша) бағдарламаларын әзірлеу;
3) меншік түрлері мен нысанына, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарда және мектептердің (лицейлердің, гимназиялардың) мектепалды сыныптарында (бұдан әрі - мектепалды сыныптар) тәрбиелеу-білім беру процесін ұйымдастыруда әдістемелік материалдар әзірлеу;
4) мектепке дейінгі ұйымдағы жас топтарының күн тәртібін әзірлеу;
5) әрбір баланың жан-жақты дамуы мен әлеуетін ашуға қолайлы жағдайлар жасау;
6) балаларды тәрбиелеу және оқыту үшін әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық жағдайлар жасау, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар және мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін арнайы жағдайлар жасау;
7) баланың даралығы мен субъективтілігін қолдауға бағытталған дамытушы заттық-кеңістіктік ортаны, оның ішінде арнайы ортаны құру;
8) балаларды тәрбиелеу мен оқыту үшін тәрбиелеу-білім беру процесін ұйымдастыру үшін негіз болып табылады.
3. Осы Стандартта мынадай терминдер мен олардың анықтамалары қолданылады:
1) білім алу үшін арнайы жағдайлар – оқу, сондай-ақ арнайы, жеке дамыту және түзету-дамыту бағдарламаларын және оқыту әдістерін, техникалық, оқу және өзге де құралдарды, өмір сүру ортасын, психологиялық-педагогикалық қолдауды, медициналық, әлеуметтік және ерекше балалардың, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі балалардың білім беру бағдарламаларын меңгеруі үшін қажетті өзге де іс-әрекеттерді қамтитын жағдайлар;
2) дамытушы орта - заттар мен ойыншықтарға еркін қолжетімділікті және немен айналысатынын өз бетінше таңдауын, күні бойы өз идеяларын іске асыру мүмкіндігін қамтамасыз ететін, балалардың бастамасын қолдау үшін жоспарланған әртүрлі материалдары бар орта;
3) ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар (бұдан әрі – ерекше балалар) – тиісті деңгейде және қосымша білім алу үшін арнайы жағдайларға тұрақты немесе уақытша қажеттілігі бар балалар;
4) баланы толыққанды дамыту - қимыл белсенділігіне жағдай жасау, пайдалы және құнарлы тамақтандыру, жағымды қарым-қатынас орнату және дамытушы ортаны ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етілетін баланың физикалық, психологиялық, әлеуметтік, эмоционалдық денсаулығы мен қауіпсіздігі;
5) оқу бағдарламасы – меңгерілуі тиіс білім, біліктердің, дағдылар мен құзіреттіліктердің мазмұны мен көлемін айқындайтын бағдарлама.
4. Мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепалды сыныптары тәрбиелеу-білім беру қызметін:
1) осы стандартқа;
2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығымен бекітілген Тиісті үлгідегі және түрдегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына 1-қосымшаға (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17657 болып тіркелген) (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар);
3) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 557 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8275 болып тіркелген) (бұдан әрі – Үлгілік оқу жоспарлары);
4) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14235 болып тіркелген) (бұдан әрі – Үлгілік оқу бағдарламасы);
5) мектепке дейінгі ұйымдар үшін әзірленген білім беру бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырады.
5. Тәрбиелеу-білім беру процесінде:
әр баланың қызығушылықтарын, ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы адами және ұлттық құндылықтар негізінде оларды толыққанды дамыту мен әлеуетін ашу жүзеге асырылады;
балалардың құқықтарын, өмірін қорғау, денсаулығын нығайту қамтамасыз етіледі;
салауатты өмір салтының негіздері, қауіпсіз өмір сүру дағдылары, қимыл-қозғалыс, бейімделу, коммуникативтік, әлеуметтік-эмоционалды, когнитивтік дағдылар, өзіне, отбасына, құрдастарына, қоршаған ортаға адамгершілік қарым-қатынасы, тәрбиеленушілердің қарым-қатынас мәдениеті, ұлттық бірегейлік пен азаматтық негіздері, патриотизм қалыптасады;
тәрбиеленушілердің физикалық, зияткерлік, танымдық-сөйлеу, көркем-эстетикалық, шығармашылық қабілеттері дамиды;
Отанға, ана тіліне сүйіспеншілік тәрбиеленеді;
баланың мектепте оқуға физикалық, психологиялық, эмоционалдық, әлеуметтік дайындығы үшін тең бастапқы мүмкіндіктер беріледі.
6. Тәрбиеленушілердің құзыреттіліктерін, физикалық және жеке қасиеттерін дамыту олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес біліктері мен дағдыларын қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.
7. Физикалық қасиеттерді дамыту.
Физикалық дамыту физикалық дені сау баланы тәрбиелеуді, өз денсаулығына саналы түрде қарауды, салауатты өмір салты негіздерін, қауіпсіз өмір сүру дағдыларын қалыптастыруды қарастырады.
Дене шынықтыру ата-аналардың балаларға ерте жастан күтім жасауы мен оларды дамыту дағдыларына ие болуына жәрдемдесу, тәрбиеленушілердің негізгі қимыл түрлерін меңгеруі арқылы мәдени-гигиеналық дағдылар, қимыл-қозғалыс тәжірибесін қалыптастыру, дене сапаларын және қимыл белсенділігіне қажеттілікті дамыту, әртүрлі ойындарды, оның ішінде ұлттық, қимылды ойындарды, командамен жарыс сипатындағы ойындарды өткізу, спорттық жаттығуларды орындау, спорттық ойындардың элементтерімен таныстыру, шығармашылық қабілеттер мен командамен бірге әрекет ету дағдыларын дамыту бойынша міндеттерді қамтиды.
8. Коммуникативтік дағдыларды дамыту.
Коммуникативтік дағдыларды дамыту балалардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, ауызекі сөйлеуді, сөздік қорды қалыптастыруды, өмірде әртүрлі жағдайлардағы қарым-қатынас дағдыларын меңгертуді, қолдың ұсақ моторикасын және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуды қарастырады.
Коммуникативтік дағдыларды дамыту тәрбиеленушілердің түрлі іс-әрекетінде Қазақстан халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен, балалар көркем әдебиетімен таныстыру арқылы ауызекі байланыстырып сөйлеу, шығарманы бірге оқу мен айтып беру, талдау, сөйлеудің дыбыстық мәдениетін қалыптастыру, белсенді сөздік қорын байыту, тілдік нормаларды, қарым-қатынас мәдениетін меңгерту міндеттерін шешеді.
9. Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту.
Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту тәрбиеленушілердің қоршаған әлеммен өзара қарым-қатынас жасауына қажетті танымдық және зерттеушілік әрекеттің қарапайым дағдыларын меңгертуді қарастырады.
Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту сенсорлық эталондар туралы түсініктерді, қарапайым математикалық ұғымдарды; құрастыру іс-әрекеті тәсілдерін меңгеру; креативті және сыни ойлауды дамыту; азаматтық және патриотизмге баулу, ұлттық мәдениетті құрметтеуді қарастырады.
10. Балалардың шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту.
Тәрбиеленушілердің шығармашылық дағдыларын, ғылыми-зерттеу іс-әрекетін дамыту өнер туындыларын қабылдау мен түсіну дағдыларын қалыптастыру, қоршаған әлемді эмоционалды тану, өнер түрлері туралы түсінігін, тәрбиеленушілердің өзіндік шығармашылық іс-әрекеті үшін жағдай жасау бойынша міндеттерді қамтиды.
Шығармашылық дағдыларын, зерттеушілік қабілеттерін дамыту үшін шығармашылық қиялын, эмоционалды-сезімдік саласын, дүниетанымын, ойлауын, көркем-эстетикалық талғамды дамыту, тәрбиеленушілердің жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, ұлттық мәдениетке баулу арқылы патриотизмді тәрбиелеу үшін жағдайлар жасалады.
11. Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру.
Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастырудың мақсаты тәрбиеленушілерді, оның ішінде ерекше балаларды оң әлеуметтендіру, оларды әлеуметтік-мәдени нормаларға, қоғам және мемлекет, отбасы дәстүрлеріне тарту, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру болып табылады.
Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру қоғамның әлеуметтік және этикалық нормалары мен дәстүрлеріне, жалпы адами құндылықтарға баулу; дербестікке тәрбиелеу; өмірдегі жағдайларды шешу, айналадағы адамдарға құрметпен қарау, өз отбасының мүшесі екенін сезіну, эмоционалды елгезектікті, жанашырлықты қалыптастыру; тәрбиеленушінің адамгершілік қасиеттерін көрсетуге қабілеттілігі мен дайындығын дамыту бойынша міндеттерді қамтиды, моральдық нормалардың талаптарына жауап беретін іс-әрекеттерге; Отанның тарихы мен мәдениетін білу және оған құрметпен қарауды қалыптастыру, туған жер туралы түсініктерін кеңейту; еңбек түрлеріне және әртүрлі мамандық иелеріне құрметпен қарауды қалыптастыру, заттар, жанды және жансыз табиғат құбылыстары жөнінде білімдерді кеңейту, креативтік ойлауды дамыту бойынша міндеттерді қамтиды.
Балалардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамыту:
1) балалардың сезімдері мен эмоцияларын қабылдау, тану және қолдау;
2) баланың және айналасындағы адамдардың сезімдерін сөзбен жеткізу;
3) өзіне және айналасындағы адамдарға қамқорлық танытуға қолдау көрсету;
4) балалармен мәнді өзара қарым-қатынас орнату;
5) командада жұмыс істеу;
6) балалардың түрлі іс-әрекетінде топтағы қарым-қатынасты, бастаманы және дербестікті қолдау;
7) балалармен мазмұнды диалог жүргізу;
8) еркін ойын кезінде балаларға пікірлерін айтуға мүмкіндік беру арқылы жүзеге асырылады.
12. Физикалық даму, балалардың коммуникативтік, танымдық, зияткерлік, шығармашылық дағдыларын, зерттеушілік қабілеттерін дамыту, әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын қалыптастыру:
1) дене шынықтыру (ерекше тәрбиеленушілер үшін бейімделген дене шынықтыру);
2) жүзу (жүзу бассейні болған кезде);
3) сөйлеуді дамыту;
4) көркем әдебиет;
5) сауат ашу негіздері;
6) қазақ тілі (оқыту басқа тілдерде жүргізілетін топтарда);
7) сенсорика;
8) математика негіздері;
9) құрастыру;
10) қоршаған ортамен таныстыру;
11) сурет салу;
12) мүсіндеу;
13) жапсыру;
14) музыка бойынша ұйымдастырылған іс-әрекеттерді кіріктіру арқылы жүзеге асырылады.
13. Тәрбиелеу-білім процесін жоспарлау кезінде вариативтілік және балалар іс-әрекетін ұйымдастырудың әртүрлі формаларын, әдістері мен тәсілдерін қолдану ескеріледі.
Тәрбиелеу-білім беру процесін ұйымдастыру және өткізу кезінде тәрбиеленушілердің қызығушылықтары, қажеттіліктері, жас және жеке ерекшеліктері ескеріледі.
14. Ерекше және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу және оқыту кезінде баланың білім алу қажеттіліктеріне сәйкес үлгілік оқу, арнайы, жеке/бейімделген білім беру бағдарламалары қолданылады.
15. Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнында:
1) тәрбиелеу-білім беру процесінің міндеттерін іске асыру;
2) ұйымдастырылған іс-әрекеттің мазмұны;
3) білім беру іс-әрекетін тиімді кіріктіру;
4) сабақтастық принциптерін, тәрбие мен оқытудың үздіксіздігін қамтамасыз ету;
5) ұйымдастырылған іс-әрекеттің күтілетін нәтижелері қарастырылады.
16. Білім беру бағдарламалары (вариативтік, жеке, бейімделген, қосымша) Үлгілік оқу бағдарламасының негізінде әзірленеді және оларда:
1) Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнында айқындалған міндеттерге қол жеткізу;
2) мектепке дейінгі ұйым таңдаған бағытқа және баланың білім алу қажеттіліктеріне сәйкес келетін мазмұн;
3) тәрбие мен оқыту мазмұнының сабақтастығы және үздіксіздік қағидаттарын қамтамасыз ету;
4) ұйымдастырылған іс-әрекет бойынша күтілетін нәтиже;
5) білім беру іс-әрекетін тиімді кіріктіру;
6) тәрбиелеу мен оқытудың сынақтан өткізілген және бейімделген инновациялық әдістемелері мен технологияларын қолдану қарастырылады.
17. Тәрбиелеу-білім беру процесінде мектепке дейінгі ұйымдағы іс-шаралардан тұратын күн тәртібіне (балаларды қабылдау, таңертеңгі жаттығу, тамақтану, серуендеу, күндізгі ұйқы, шынықтыру шаралары, балалардың үйге қайтуы) сәйкес балалар іс-әрекетінің түрлері (ұйымдастырылған, ойын, танымдық, коммуникативтік, шығармашылық, эксперименталдық, еңбек, заттық, қимылдық, бейнелеу) қарастырылады.
18. Тәрбиеленушілердің эмоционалдық жайлылығын, жан-жақты және толыққанды дамуын, балалардың белсенділік түрлерін және бірге әрекет етуге қатысушыларды таңдау мүмкіндігін, ойын аймақтарының қанықтылығын, қолжетімділігін, вариативтілігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дамытушы орта құрылады.
19. Ерекше балалардың біліктері мен дағдыларының дамуын бағалау көрсеткіштері білім беру траекториясын дамытуға және түзету жұмыстарын жоспарлауға негіз болып табылады.
20. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын игеру деңгейі Үлгілік оқу бағдарламасына қосымшада ұсынылған баланың туғаннан бастап 1-сыныпқа қабылданғанға дейінгі біліктері мен дағдыларының тізбесіне сәйкес мүмкін жетістіктерін айқындайтын нысаналы нәтижелерге бағдарланады.
21. Мектепке дейінгі ұйымның және мектепалды сыныбының түлегі:
физикалық дамыған;
ізденімпаз;
бастамашыл;
табанды;
бейімделуге қабілетті, көпшіл;
өзіне сенімді;
командада жұмыс істей біледі;
эмоционалды жауапты;
өзі, отбасы, қоғам (жақын қоғам), мемлекет (ел), әлем және табиғат туралы алғашқы түсініктерге ие.
22. Тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі бөбек жасындағы (1-2 жастағы) және мектепке дейінгі жастағы (3-5 жастағы) балаларға арналған Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларында айқындалады.
23. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың вариативтік оқу жоспарларын әзірлеу кезінде тәрбиеленушілердің жас, психологиялық-физиологиялық мүмкіндіктері мен ерекшеліктері ескеріле отырып, оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі сақталады.
24. Жас кезеңдері мынадай:
1) бөбек жасы – 0 (жаңа туған балалар ) – 2 жастағы балалар;
2) мектепке дейінгі жас – 3-5 жастағы балалар.
25. Жас топтары балалардың күнтізбелік жылдағы толық жасын ескере отырып, оқу жылының басында жасақталады:
ерте жас тобы – 1 жастағы балалар;
кіші топ – 2 жастағы балалар;
ортаңғы топ – 3 жастағы балалар;
ересек топ – 4 жастағы балалар;
мектепалды топ, мектептегі (лицейдегі, гимназиядағы) мектепалды сынып – 5 жастағы балалар.
26. Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын меңгеру мерзімі – 5 жыл, бір жас тобында – 1 жыл.